Павлодарда велосипедтер мен электр самокаттардың жүру ережесі әзірленді
Ережені бұзғандар айыппұл арқалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, орталық жағалауда қауіпсіз серуендеу мақсатында велосипедтер мен электр самокаттарға арналған арнайы маршрут әзірленген.
- Облыс орталығында велосипедтер мен электр самокаттарда жүруге рұқсат беретін және тыйым салатын арнайы белгілер сызылып, жол белгілері орнатылды. Әуесқой жүргізушілерге 3.9 жол белгісіне назар аударуды сұраймыз. Мұнда велосипедтер мен электр самокаттарына тыйым салынады, - делінген хабарламада.
Бұл белгі Естай көшесінен Кривенко көшесіне дейін жүруге тыйым салады, ол жағалаудың орта деңгейінде орнатылған. Тәртіп сақшылары велосипедтер мен электр самокаттардың жүру ережесін бұзғандар 3 АЕК көлемінде айыппұл арқалап, жауапқа тартылатынын еске салады.