Павлодарда зауыттар жанында салынбақшы болған тұрғын үйлер құрылысының жолы кесілді
«Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы сәулет және жер заңнамасының нормаларына қайшы қабылданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында экологиялық қауіпсіздік нормаларын есепке алмай, әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға жол берілмеді. Жергілікті атқарушы орган өнеркәсіптік зауыттардан максималды қашықтықты есепке алмай, көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған.
– Яғни, өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін жақын маңдағы тұрғын үй-азаматтық құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсерін болдырмау үшін бөлетін санитарлық-қорғау аймағы бұзылатын еді. Жалпы құрылыс алаңы 186 гектарды құрады,– деді прокуратурада.
Қадағалау актісі бойынша заңсыз егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жойылды.
Осыған дейін прокуратура Ертіс өзенінің маңында (су қорғау аймағының аумағында) оқушылардың өміріне қауіп төндіретін «Жайлы мектеп» салу туралы шешімнің күшін жойған болатын.