Екібастұзда жаңа жылу магистралін салу ұсынылды
Ол кеншілер қаласындағы мөлтек аудандарда гидравликалық режимді реттейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұзда жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр болып қайтты. Ол жылу желілері мен қалалық ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын тексеріп шықты.
Вице-премьерге қаладағы гидравликалық сынақтардан кейін магистралды және ауданішілік желілерде 269 ақау анықталғаны жеткізілді. Олардың бәрі жойылды. 57 шақырым желілер ауыстырылды. Оған қоса барлығы дерлік көпқабатты үйлер қысқы маусымға әзірленді. Қазірдің өзінде 690 көпқабатты үйдің 562-сі дайындығы туралы актіге қол жеткізді, бұл 80%.
- Шілде айының басына қарай жылыту маусымына 80 процент үйлердің дайын болғаны бұрын-соңды болмаған, - деді облыс әкімі Асайын Байханов. - Әрі кеткенде 20-25 процент қана болатын. Тіпті Павлодарда дайындық 55% деңгейде. Ақсуда - 60%-дай. Міне, енді 130-дай үй қалды. Бұл шілде мен тамыз айларында шешілетін мәселе.
Облыс әкімінің орынбасары Хасар Хабылбеков болса, аудит нәтижелері бойынша Екібастұзда ең қауіпті деген учаскелерді күрделі жөндеуден өткізу керектігі туралы хабарлады. 5,4 шақырым желілерді жаңарту жоспарлануда. Жұмыстар 35%-ға еңсерілді.
- Техникалық аудит бойынша Екібастұздағы гидравликалық режимді сараптадық. Оның нәтижелеріне сәйкес, төмен көрсеткіштері бар сегіз мөлтек аудан анықталды. Бұл мәселені шешу үшін ТМ-7/1 магистралін салуды көздеп отырмыз. Оның ұзындығы 2,4 шақырым болмақ, - деді Хасар Хабылбеков.
Оған қоса, Екібастұзда жаңа ЖЭО-ның жұмысын қамтамасыз ететін тағы бір су құбыры керектігі белгілі болды. Желтоқсан айында қолданыстағы құбыр апатқа ұшыраған еді. Сол себепті қалада резервті желі салу жоспарлануда. Құжаттама әзірленді: су құбырының ұзындығы 12 шақырым, жоба құны 2,2 миллиард теңге.
Құрылысты бастауға қажет қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Облыс басшылығы жобаға қолдау білдіру үшін Роман Склярдан көмек сұрады.
- Барлық қажетті қолдау көрсетеміз, - деді Роман Скляр. - Резервті су құбыры туралы Премьер-Министрмен ақылдасамыз. Мүмкін жергілікті бюджетпен 70/30 үлеспен қосылатын шығармыз. Гидравликалық режимді жақсартатын жаңа магистраль бойынша да міндетті түрде көмектесеміз.
Әрі қарай Вице-премьер ЖЭО-ға ат басын бұрды. Станцияда негізгі құрал-жабдықтар жөнделуде. «САЭМ-Павлодар» ЖШС бас директоры Тимур Календарев хабарлағандай, қазіргі кезде газ құбырлары жөнделуде. Онымен бірге қосалқы құрал-жабдықтар ретке келтірілуде. Барлық материалдар уақтылы жеткізілуде.
Екі бу қазандықтарында жұмыс аяқталды, үш су жылыту қазандықтарында монтаж басталды. Жұмыстарды 20 қыркүйекте бітіру көзделуде.
Роман Скляр былтырғы жағдай қайталанбасы үшін жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді талап етті. Вице-премьер айтып өткендей, барлық қажетті кадрлар мен материалдар бар.
Фото: Валерий Бугаев