Павлодарда заңсыз тапанша алып жүрген азаматтар жазаланады
Қаруды заңсыз сақтағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаментің баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде павлодарлықтардан шетелдік 2 тапанша тәркіленді.
– 2 шілдеде Павлодар қаласының көлік жөндеу орталығының бірінде 30 жастағы тұрғыннан «Pheinmetall AБТ Sommerda» тапаншасы автокөлік орындығының астынан табылды, – деді Павлодар облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Ал 12 шілдеде полиция қызмектерлері үйдің ауласында 32 жастағы азаматты ұстады. Ол өзімен бірге «Smith Wesson» тапаншасын алып жүрген.
– Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген қару бойынша сараптама тағайындалды, – деді Ғабит Қабдрахманов.
Полиция департаменті қаруды заңсыз сақтағаны, өткізгені және алып жүргені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті ұсынды