Павлодарда зейнеткер төрт миллион теңгесін алаяқтарға бермек болды

Павлодарда зейнеткер төрт миллион теңгесін алаяқтарға бермек болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Абырой болғанда іске офицер араласып, әккі қулардың ісі жүзеге аспады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Зейнеткер қолына төрт миллион теңге ұстап, телефон алаяқтарының психологиялық қысымына толықтай сеніп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудармақ болған.

— Алаяқтардың әрекеті өте кәсіби әрі жақсы түрде ұйымдастырылған. Алдымен ер адамға белгісіз тұлғалар хабарласып, өздерін медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырған. Тексеруге жазу сылтауымен SMS-кодты айтуын сұраған. Қауіпті сезбеген зейнеткер қажетті мәліметтерді айтып қойған, — дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Тимур Қаржаубаев.

Арада көп уақыт өтпей, екінші қоңырау түскен. Бұл жолы алаяқтар өздерін «қауіпсіздік қызметінің» өкілдері ретінде таныстырып, оның банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтқан. Олар ер адамды барлық жинағын шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» шұғыл аудармаса, ақшасынан айырылып қалатынына сендірген.

Қатты қорыққан зейнеткер есепшотынан төрт миллион теңгені шешіп алып, Batyr Mall сауда орталығына барған. Сол сәтте алаяқтар телефон арқылы байланысын үзбей, оның әр әрекетін бақылап, бағыттап отырған.

Алайда қылмыстық әрекет ІІМ оқу орталығының қызметкері Салтанат Каримованың қырағылығының арқасында тоқтатылды. Егде жастағы ер адамның мінез-құлқы оған күмәнді көрінген. Ол қатты қобалжып, телефонмен сөйлесіп, абдырап тұрған. Бейжай қалмаған әйел бірден полиция шақырып, қызметкерлер келгенше зейнеткерді ақша аударудан тоқтатуға тырысқан.

— Мен бұл жағдайдың өзім оқытып жүрген қызметкерлерге үлгі болғанын қалар едім. Осындай сәттерде бейжай өтпей, адамдарға мұқият қарап, қауіп төніп тұрғанын байқасаң, араласудан қорықпау керек. Сол сәтте мен тек адамды тоқтатып, не болып жатқанын анықтауды жөн санадым, — деп бөлісті полиция подполковнигі Салтанат Каримова.

Оның жанашырлығы мен дер кезінде жасаған әрекеттерінің арқасында зейнеткер өз жинағын сақтап қалды, ал алаяқтар қылмыстық жоспарын соңына дейін жүзеге асыра алмады.

Полицейлер азаматтарға банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер мен қауіпсіздік қызметтері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды, SMS-кодтарды айтуды немесе телефон арқылы жеке деректерді беруді сұрамайтынын ескертеді.