Павлодарда зейнеткерді алаяқтардан құтқарған қырағы такси жүргізушісі марапатталды

Павлодарда зейнеткерді алаяқтардан құтқарған қырағы такси жүргізушісі марапатталды
Фото: облыстық ПД

Оған сыйлық берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов азаматтық қырағылығы мен белсенді ұстанымы үшін Алексей Бортовойды Алғыс хатпен және ведомстволық қолсағатпен марапаттады. Ол бұл азаматтың әрекеті ел тұрғындарын бейжай қалдырмағанын атап өтті.

– Сіздің қырағылығыңыздың арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың алдын алу мүмкін болды және зейнеткерге тиесілі қаражат сақталып қалды. Мұндай әрекет – ата-ананың берген дұрыс тәрбиесінің, отансүйгіштік пен өзгенің тағдырына бейжай қарамаудың айқын көрінісі, – деді Болат Нұрсейітов.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсан күні кешкі уақытта такси жүргізушісі учаскелік полиция пунктіне алаяқтардың құрбаны бола жаздаған зейнеткерді алып келген.

– Кешке тапсырыс түсті, бір затты алып кету керек болды. Жеткізу ақысы күмән тудырды – тым жоғары еді. Барсам, жөнелтуші жасы үлкен әже екен. Не жіберіп жатқанын сұрадым, бірақ ол нақты жауап бере алмады, асығып, қобалжып тұрды. Бір нәрсенің дұрыс еместігін сезіп, әжені көлікке отырғызып, полицияға алып келдім. Бұған дейін маған полиция қызметкерлері алаяқтардың осындай схемалары туралы ескерткен болатын. Сол себепті тексеріп алған дұрыс деп шештім. Полицияда оның алаяқтардың құрбаны болғаны, белгісіз адамдарға 8,5 миллион теңге бермек болғаны анықталды. Неліктен ақшаны белгісіз біреулерге бермек болғанын өзі де түсіндіре алмады. Менің орнымда көп адам дәл солай істер еді деп ойлаймын, ең бастысы – бәрі аман-есен, – деді такси жүргізушісі Алексей Бортовой.

Полиция азаматтарды барынша сақ болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган ақшаны «сақтауға» алмайды және курьер жібермейді. Мұндай қоңыраулардың барлығы – алаяқтардың әрекеті.