Павлодар облысында жиырмадан астам есірткінің заңсыз айналымы анықталды

Павлодар облысында жиырмадан астам есірткінің заңсыз айналымы анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жыл басынан бері тіркелген фактілер тергелуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов өңірде нашақорлыққа қарсы күрес негізгі үш бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұнда, заңсыз айналымды және есірткіге қол жеткізуді қысқарту, қоғамда тыйым салынған заттарды заңсыз қолдануға және олардың заңсыз айналымда қатысуына саналы теріс көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ есірткі құралдарын заңсыз қолданудың ауыр салдарын төмендету көзделген. 

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде өңір аумағында 241 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды. Жалпы құрылымда 116 сату фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 7 фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 5 фактісі, есірткі заттарын заңсыз насихаттау мен жарнамалаудың 3 фактісі әшкереленіп, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 892 әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Болат Нұрсейітов.

Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 455 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленген. Ал есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 72 азамат ұсталды, олардың 66-сына қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Үш интернет-есірткі дүкенінің және есірткі мен психотроптық заттарды жеткізудің 12 арнасының қызметі тоқтатылған. Былтыр тыйым салынған ақпарат таратқан 2020 онлайн-ресурс бұғатталды.

- Жыл басынан бері өңірде 21 есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде 13 сату фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 1 фактісі анықталды. Биыл «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінде есірткі дүкендерін заңсыз жарнамалаумен айналысқан 125 аккаунт бұғатталды. «Антифрод» жүйесіне бұғаттау үшін 6 қазақстандық банк картасы және 4500 шетелдік карта-шот енгізілді, - деп толықтырды ол.

Тыйым салынған есірткі және психотроптық заттарды тәркілеумен қатар, жуырда заңсыз айналымнан алынған 44 килограмм есірткі заттарын жою бойынша кезекті іс-шара өткізілді. Өткен жылы 231 факті анықталса, жыл басынан бері 21 факті тіркелді. Бұл шара есірткі тұтыну фактілерін анықтауға, жол қауіпсіздігін арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған.