Павлодарда жаңа роман жарыққа шықты

Павлодарда жаңа роман жарыққа шықты
Фото: Есенжол Исабек

«Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жүсіпбек Аймауытов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсаукесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым, жергілікті қоғам қайраткерлері, журналистер мен оқырмандар қатысты.

–   Романдағы кейіпкер шынайы өмірде жоқ. Бір кездері ұзақ жолға шығып, көлігім бұзылып қалған шақта бір жігіт көмектесіп еді, сол жігіттің өзін таныстырып айтқан кезіндегі әңгімелері есіме түсті. Осылайша, әр сәттегі оқиғаларды есіме сақтап жүріп, сюжет өрбітіп жаздым, – деді романның авторы.

Шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов сөз сөйлеп, автордың еңбегіне жоғары баға берді. Ғалым, профессор Бекен Сағындықұлы мен жазушы Әділбек Әміренов Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романы жайлы толымды пікірлерін білдірді. Ғалымдар шығарманың идеясы мен мазмұнының тереңдігін ерекше атап өтті.

–    Романның тақырыбы да өте керемет қойылған. Жастар романды және кітапті көп оқымайды, сонда жазушылардың жазғаны қызықты емес пе деп ойлайтынмын. Ал бұл романның сюжеті жалғасын оқи беруге деген қызығушылықты оятады, – дейді қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті Әділбек Әміренов.

Роман мас болып, далада ұйықтап қалған үйсіз-күйсіз қаңғыбас адамның есін жиған сәтін баяндаудан басталады. Бала Арғын әжесі, әкесі, анасы қайтыс болып, айналасы бірер жылдың ішінде тұл жетім атанады. Бала күнінен атастырған Құралайдың шешесі бұған салқын қабақпен қарай бастайды. Бозбала ең бірінші әрі ең үлкен қателік жасайды, бәрін тастап әскерге аттанады, әскерден кейін жұмыс іздеп, Сібірге барады, ол жақта сан қилы өмір кешеді. Ұлты орыс Лена атты қызға үйленіп, кейін соның кесірінен түрме кезіп кетеді. Ұзақ жылдан кейін емханада Құралаймен қайта кездеседі. Осының барлығы оқиға желісімен кейіпкердің тағдырын баяндайды.