Павлодарда жаңа веложолақтар қайда салынады?
Өңірде велосипедшілердің қауіпсіз қозғалысына арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, облыста велосипедпен қауіпсіз жүруге арналған жолақтар әлі де жеткіліксіз. Қазіргі уақытта өңірде жалпы ұзындығы 34 шақырым болатын веложолақ бар.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, Павлодар қаласында Назарбаев даңғылы мен Орталық жағажай аумағында веложолақтар жұмыс істейді. Сондай-ақ Vision Zero пилоттық жобасы аясында Лермонтов көшесі велосипедшілерге бейімделген.
– Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп көшесінде ұзындығы төрт шақырым болатын веложолақ бар. Ал Ақсуда Доспанов және Ленин көшелерінде арнайы жолақтар қарастырылған, – деді Қуаныш Мұстафинов.
Тәртіп сақшысының сөзінше, қолданыстағы инфрақұрылым өңірдегі сұранысты толық өтей алмайды. Осыған байланысты Павлодар қаласының бірнеше көшесінде веложолақтар салу мүмкіндігі зерделеніп жатыр.
– Алдағы уақытта Торайғыров, Олжабай батыр, Академик Шөкин, Сәтбаев және Бекқожин көшелерінде велосипедпен қауіпсіз қозғалысқа арналған жолақтар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл көшелерде арнайы жолақтар бөлуге мүмкіндік бар, – деді ол.
Айта кетейік, веложолақтар желісін кеңейту мәселесі өткен аптада облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.