Екібастұзда ТЖ кезінде зардап шеккен 43 пәтерде жөндеу жалғасуда
Кеншілер қаласында 150 пәтерде жөндеу толығымен аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мәлім етті.
– 8 ақпан сағат 10.00-дегі жағдай бойынша бес қазандық жұмыс істеп тұр: екеуі – энергетикалық, үшеуі – су жылытқыш. Станциядан шығатын судың жүйелік температуралық параметрі – 61-41. Бүгін 14-ші қазандықты іске қосу жоспарланып отыр. Соңғы екі күнде ЖЭО-дағы тұрқасыз жағдайға байланысты пәтерлер мен жеке үйлерде температураның төмендеуі байқалады. Температура параметрлерінің белгілі санитарлық нормаларға сәйкес келмеуіне байланысты кеше және бүгін мектептер мен колледждер қашықтықтан оқуға ауыстырылды, – дейді Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, ЖЭО персоналы станциядағы қазандықтар мен жабдықтарды жөндеу жұмыстарын тәулік бойы жалғастыруда. Температураның төмендеуіне байланысты жүйелі түрде шағым түсетін 26 көп пәтерлі тұрғын үйдің тізімі жасалған. Жылу параметрлерінің тиісті деңгейде болмауының басты себебі – жеткізуші жүйелер мен үй ішілік жылу желілерінің дұрыс бапталмауы.
– Екі көп пәтерлі тұрғын үйде – Ломоносов көшесі, 11 және 11 «а» бойынша жылу жүйелерінде тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ертеңнен бастап кіребрістегі радиаторларды орнату бойынша жұмыс басталады. Жөндеуге жататын 346 пәтер анықталған. «Лидер Декор» ЖШС-мен 252 пәтерді жөндеу үшін шарт жасалды. 150 пәтерде жөндеу толығымен аяқталды, 43 пәтерде жалғасуда, барлығы 42 бригада жұмыс істейді. ТЖД кезінде зардап шеккен пәтерлерді қамту үшін қосымша шарт жасалуда. Бұдан бөлек, 15 пәтерде «Асар-Уме» қоры жұмыс жүргізуде. Оның тоғызында аяқталды, алтауында жалғасуда. 15 ақпанда аяқтау жоспарланып отыр. Мердігер бригадаларға жұмыс көлемі бойынша төлем жасалған, – деп атап өтті Аян Бейсекин.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жылу мәселесіне қатысты сұрақты қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Ендігі мақсат – алты қазандықты тұрақты жұмысқа қосу, температуралық параметрлерді 75-80 градусқа жеткізу. Бұл салада жұмысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Фото: Есенжол Исабек