Павлодарда жаңа жылдық корпоративтер қарсаңында санитарлық талаптар жайлы ескертілді
Өзекті мәселелер бойынша облыс кәсіпкерлері бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығының өзекті мәселелері бойынша облыс кәсіпкерлерімен кезекті семинар өткізді.
– Жаңа жылдық корпоративтерді өткізу қарсаңында қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсететін кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын негізгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, оның ішінде рұқсат беру құжаттарын алу, өндірістік бақылауды ұйымдастыру, медициналық тексеруден өту, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар айтылды, ескертілді, – деді палатада.
Сондай-ақ кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы органның бақылау-қадағалау қызметінің өзгерістерімен таныстырды. Сондай-ақ, қатысушыларға аймақтағы жіті ішек инфекциялары мен тамақтан улану бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды.
Кәсіпкерлер талқылауға белсенді қатысты. Ал мамандар барлық қызықтырған мәселелер бойынша түсініктемелер берді.