Павлодарда мемлекеттік қызметшілер күніне орай үздіктер марапатталды
Мінсіз бедел басты талапқа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жас мамандар, қоғам өкілдері және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында мемлекеттік қызметтің ел дамуы мен қоғам өміріндегі маңызы айтылып, мемлекеттік аппаратты жетілдіру бағытындағы бастамалар сөз болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметші туралы ұстанымына тоқталды.
– Мемлекеттік қызметші – әділетті Қазақстанның айнасы. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жауапты еңбегінің нәтижесі. Бірінші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған, – деді Серік Батырғожинов.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мадияр Әбілдин мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті.
– Азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, адалдығы мен мінез-құлқына байланысты қалыптасады. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі әрдайым басты талап болып қала береді, – деді Мадияр Әбілдин.
Төрағаның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың тиімділігі артып, заманауи талаптарға бейімделуі күшейген.

Мерекелік жиында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген мамандар марапатталды. Павлодар облысы әкімінің «Құрмет грамотасына» Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Асқарбек Айғазинов, Екібастұз қалалық мәслихаты аппаратының басшысы Бибігүл Аманова, Шарбақты ауданы қаржы бөлімінің басшысы Анар Асаинова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ақсұлу Ермашева, Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Минуара Қожанова, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Анар Нұрсейітова ие болды.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен Павлодар қаласы әкімі аппаратының бас маманы Гаухар Бөлекбаева, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Самат Мажиров, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Тұрсын Рамазанова, Май ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Ирина Тасбулатова және Железин ауданы білім беру бөлімінің бас маманы Динара Теңізова марапатталды.
Сондай-ақ Тереңкөл ауданы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Ирина Семенкова «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық төсбелгісіне ие болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен бірқатар мамандарға Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің марапаттары табысталды.

Шара барысында мемлекеттік қызмет ардагерлерінің еңбегі ерекше аталып өтіп, олардың мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға қосқан үлесіне алғыс білдірілді. Қатысушылар мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, халық сенімін нығайту және кәсіби құндылықтарды сақтау бағытындағы міндеттердің өзектілігін де атап өтті.