Павлодарда Жаманбалиновтың өлеңдерін жатқа айтқан бүлдіршін телефон алды
Байқаудың қорытынды кезеңіне сегіз оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен балалар ақыны, журналист, өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жауқазын» атты облыстық мәнерлеп оқу сайысы өтті. Жүлдеге 7-12 жас аралығындағы оқушылар таласты.
– Қатысушылар арасында өлеңді түсініп оқып берген немесе түсінбей, тек жаттап берген оқушылар да болды. Баға қою барысында өлеңді оқу мәнеріне, сахнада өзін ұстау қабілетіне, сөздерді дұрыс әрі түсінікті айта алуына қарадық, – деді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Хонж.
Байқау нәтижесінде үшінші орынды алған қалалық № 26 жалпы орта білім беру мектебінің 2-сынып оқушысы Айсұлтан Ғалымжанға пауэрбанк, екінші орынды иеленген № 2 жалпы білім беру мектебінің 2-сынып оқушысы Айару Айтбаеваға планшет табыс етілді. Ал бірінші орынды жеңіп алған Қалижан Бекқожин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Кәусар Серік ұялы телефонға ие болды.
Таңнұр Әленқызы