Павлодарда жас ақынның жаңа әнінің тұсаукесері өтті
Жас педагог, композитор Оразбек Бақытханның шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, сахнада ақынның өлеңдері мен авторлық әндері шырқалды. Шығармашылық кеш өңіріміздің танымал төрт ақынының «Менің досым» атты поэмасымен ашылды.
Кеш барысында бүгінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайдың сөзіне жазылған «Дүние» термесі мен «Ұмытшы мені, жарай ма?» әнінің тұсауы кесілді.
– Бүгін менің алғашқы шығармашылық кешім өтті. Бұл шығармашылық кеш Павлодар әкімдігінің, ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Менің жетістігім - елімнің жетістігі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мен бүгін өзімнің авторлық әндерімді және оқушыларым мен студенттерімнің шығармашылығын ұсынамын, – дейді республикалық жыр-терме көркем сөз байқауларының жеңімпазы, ҚР Президентінің «Ертіс дарыны», «Халық алғысы» медальдерінің және «Құрмет грамотасының» иегері.
Оразбек Бақытхан талантты ұстаз, әнші, ақын, композитор, көркем сөз шебері және қоғам қайраткері. 2021 жылдан бастап М. Әлімбаев атындағы мектепте өзінің білімі мен өнерге деген құштарлығын көрсетіп, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Педагог өз орындауындағы «Жас ұстаздар ұраны» авторлық әні үшін облыс педагогтарының сүйіктісіне айналды.
Бұл шығармашылық кештің мақсаты - көрермендердің жүрегін өнерге деген сүйіспеншілікпен толтыру және жас таланттарды қолдау. Оразбек Бақытхан кешті өткізуге грантты жеңіп алып, «Менің жетістігім - елімнің жетістігі» жобасының алғашқы кейіпкері болды.