Павлодарлық тәртіп сақшылары облыстық жарыста үздік нәтиже көрсетті

Жарыс барысында спортшылардың техникалық дайындығы мен тактикалық шеберлігі бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Динамо» қоғамының 100 жылдығы аясында «Динамо» спорт кешенінде Павлодар облысының «Жолбарыс» қоян-қолтық ұрыс федерациясы облыс чемпионатын ұйымдастырды. Додаға өңірдің полиция қызметкерлері де қатысты.
Жекпе-жектерді білікті төрешілер бағалап, қатысушылардың техникалық шеберлігі мен шабуылдан кейінгі тактикалық әрекеттеріне ерекше назар аударды. Бірнеше сағат бойы татамиде қызу тартыстар өтіп, жанкүйерлер спортшыларды қолдап, жігерлендірді.
Турнир қорытындысы бойынша полицейлер арасында: 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде – Данияр Баймағамбетов, 62 келіге дейін – Игорь Белоус, 67 келіге дейін – Әлібек Үлкібаев, 73 келіге дейін – Қанағат Ыдырышев, 80 келіге дейін – Вадим Алейник, 88 келіге дейін – Берік Әбілғазов және 97 келіге дейін – Бауыржан Мәдиев жеңімпаз атанды.
– Спорт – біз, полицейлер үшін, кәсіби қызметіміздің маңызды құрамдас бөлігі. Біз жаттығу барысында күрес пен қоян-қолтық ұрыстың жауынгерлік тәсілдерін меңгеріп, шұғыл жағдайларда жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету дағдыларын жетілдіреміз. Сондай-ақ, құқыққа қарсы іс-қимылдардың жолын кесу кезінде арнайы құралдар мен қаруды дұрыс қолдану әдістерін пысықтаймыз, – дейді жарыс жеңімпаздарының бірі Әлібек Үлкібаев.
Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Олардың спорттағы жетістіктері – қоғамдағы полиция беделін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.