«Ertis» колледжінің студенттері Омбыда тағылымдамадан өтті
Бір аптаға созылған тағылымдама барысында заманауи агросекторға білікті кадрлар даярлау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданындағы «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері мен оқытушылары Омбы мемлекеттік аграрлық университеті базасында ғылыми-тәжірибелік тағылымдамадан өтті. Сапар екі оқу орны арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылып, 2026 жылғы академиялық ұтқырлықты дамытудың алғашқы қадамы болды.
– Бір аптаға созылған тағылымдама барысында заманауи агросекторға білікті кадрлар даярлау мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Бағдарлама «Агрономия», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша оқытудың инновациялық тәсілдеріне, практикалық бағыттылыққа және озық аграрлық технологияларға басымдық берді, – деді облыстық білім басқармасында.
Тағылымдама аясында «Шөптен қалай азық жасадық?» тақырыбында селекционерлердің стендап-баттлы ұйымдастырылып, бұршақ және көкөніс дақылдарын қолға үйрету тарихы интерактивті форматта талқыланды. Университет алаңдарында «Профессионалитет 1.0» атты шеберлік сабақтары өтіп, студенттер тәжірибелік дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ сүт шикізатын іріктеу және жұмсақ ірімшік өндіру технологияларына арналған «Жұмсақ ірімшіктер коллекциясы» ғылыми семинары өтті.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында интерактивті практикум ұйымдастырылып, жоба әзірлеу, тәжірибе алмасу және soft skills дағдыларын дамыту бағытында жұмыс жүргізілді.
– Павлодарлық делегацияны омбылық жоғары оқу орнының ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілермен әріптестігі ерекше қызықтырды. Аталған кәсіпорындар студенттерді оқыту үшін заманауи техникаларын ұсынады. Сонымен қатар, «Ertis» колледжінің оқу шаруашылығындағы сорттық әртүрлілікті кеңейту мақсатында тұқым қорына бай омбылық университетпен ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды, – деді басқармада.
Тағылымдама барысында делегация Сібірдегі ең ірі ветеринарлық клиникалардың бірі саналатын, заманауи жабдықтармен қамтылған университет жанындағы клиниканың жұмысымен де танысты.