Павлодарда жасанды интелект көмегімен басып шығарылған кітаптар көрсетілді

Өңірде білім берудің жаңа тәсілдері таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж. Ташенов атындағы №37 мектепте қалалық «Білім келешегі: адал азамат маман» тақырыбындағы конференциясы өткізілді. Оған қала педагогтері, оқытушылары қатысты. Мектеп фойесінде ұйымдастырылған көрмеде STEM-технологиялары, робототехника сабақтары және жасанды интеллект көмегімен жасалған балаларға арналған кітаптар ұсынылды.
«Сатурн» робототехника мектебінің жетекшісі Алексей Алидің айтуынша, облыс мектептері заманауи жабдықтармен қамтылып жатыр. Бірақ басты мәселе – ұстаздарды оқыту.
– Егер мұғалімдер жаңа техниканы қолдана алмаса, құрал-жабдықтар пайдасыз болып қалады. Сондықтан мемлекет тек техникаға ғана емес, педагогтарды даярлауға да көңіл бөлуі керек, – дейді ол.
Маманның пайымдауынша, STEM-технологиялары білім сапасын 35 пайызға дейін арттырады әрі балалардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығын күшейтеді.
Сондай-ақ, отандық «Алматыкітап» баспасы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған инновациялық кітаптарды таныстырды.
– Біз жасанды интеллектті шығармашылықта да қолданамыз. Мысалы, жуырда «Жошы хан» туралы тарихи кітапты үш тілде шығардық. Иллюстрациялардың бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен дайындалды. Сондай-ақ, Абай шығармашылығына арналған үш тілдегі кітап халықаралық байқауда гран-при иеленді, – деді баспа өкілі Меруерт Байтемірова.
Кітаптар QR-кодпен жабдықталған, балалар қосымша мультимедиялық материалдарды да пайдалана алады. Сонымен қатар балабақша тәрбиешілеріне әдістемелік құралдар, тапсырмалар жинақтары да әзірленіп жатыр.
Жаңа бастамалар балалардың шығармашылығын дамытуға, білімді қызықты әрі тиімді етуге бағытталады.