Павлодарда жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді оқытуға көмектесуде

Павлодарда жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді оқытуға көмектесуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Білім беру жүйесінде жаңа технология үш жылдан бері қолданылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру жүйесі жаңа мазмұнға ие болып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалы бүгінде мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін күшейтетін өңірлік орталыққа айналды.

Филиал 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде білім беру форматы түбегейлі өзгеріп, дәстүрлі дәріс форматынан тәжірибеге негізделген интерактивті оқыту жүйесіне көшті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге тек теориялық білім беріліп қана қоймай, өңірлік мәселелерді шешуге арналған нақты практикалық құралдар ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы елімізде 30 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік басқару саласының мамандарын даярлап келеді. Ал Павлодар филиалы өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды.

Жыл сайын филиалда шамамен 1500 мемлекеттік қызметші оқудан өтеді. Соңғы бес жылда жеті мыңнан астам маман біліктілігін арттырса, соңғы үш жыл ішінде 4500-ден астам павлодарлық мемлекеттік қызметші кәсіби даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын меңгерген.

Тыңдаушылар қатарында ауылдық округ әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бөлім мамандары мен аумақтық мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар. Ал жоғары буындағы басшылар Астанадағы Академия базасында білім алады.

Филиал директорының міндетін атқарушы Әсел Ағыбаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі үздіксіз білім алу қағидасы кадрлық әлеуетті жаңғыртудың негізгі тетігіне айналған.

– Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметші кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндетті. Бұл – формалды талап емес, уақыт талабы. Заңнама, технологиялар және қоғамның сұранысы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан кәсіби дағдыларды тұрақты түрде жаңартып отырмаған маман өзектілігін тез жоғалтады, – деді Әсел Ағыбаева.

Мемлекеттік қызметшілер арасында ең көп сұранысқа ие бағдарламалар қатарында «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттары», «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және мемлекеттік қызмет көрсетудің клиентке бағдарланған тәсілдері бар.

Бұл бағыттар қоғамның мемлекеттік аппаратқа қоятын жаңа талаптарымен тікелей байланысты. Ашықтық, есептілік, тиімді коммуникация және халыққа бағдарлану – бүгінгі мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына айналып отыр.

Филиалда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оқыту бағдарламаларында теория мен практиканың арақатынасы 30 және 70 пайыз деңгейінде сақталады.

Тыңдаушылар азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу алгоритмдерін меңгеріп, eOtinish жүйесін тиімді пайдалануды, жанжалсыз коммуникация жүргізуді, эмоционалдық интеллектіні дамытуды және мемлекеттік қызметтерді халыққа ыңғайлы форматта жобалауды үйренеді.

– Біздің міндетіміз – мемлекеттік қызметшіні тек орындаушы емес, азаматтардың мәселесін түсінетін және оны шешуге мүдделі серіктес ретінде қалыптастыру. Қазіргі таңда эмпатия, тиімді коммуникация және кері байланысты дұрыс ұйымдастыру қабілеті кәсіби құзыреттердің ажырамас бөлігіне айналды, – деді филиал басшысы.

Соңғы жылдары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын оқыту бағдарламаларына енгізуге ерекше назар аударылып келеді.

Павлодар филиалы үш жылдан бері жасанды интеллект элементтерін білім беру процесінде және ішкі жұмыс жүйесінде қолданып келеді. Мемлекеттік қызметшілер нейрожелілерді үлкен көлемдегі ақпаратты талдау, құжаттар жобасын әзірлеу, аналитикалық есептер дайындау және күнделікті жұмысты автоматтандыру үшін пайдалануды үйренеді.

Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді бюрократиялық рәсімдерден босатып, тұрғындармен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

– Жасанды интеллект мемлекеттік қызметшінің орнын баспайды, бірақ оның тиімділігін бірнеше есе арттыра алады. Бүгінгі таңда цифрлық сауаттылық, деректерді талдау және нейрожелілермен жұмыс істеу дағдылары мемлекеттік басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Әсел Ағыбаева.

Қазіргі уақытта филиал тыңдаушыларының орташа жасы шамамен 40 жасты құрайды. Бұл – тәжірибе мен жаңашылдықтың үйлесім тапқан кезеңі. Сонымен қатар, білім алушылардың үштен бір бөлігін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.

Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы да артып келеді. Оларды мансаптық өсу мүмкіндігі, кәсіби байланыстар орнату, тұрақтылық және өңірдің дамуына үлес қосу мүмкіндігі қызықтырады.

Бұл бағытта өңірде «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы іске асырылуда. Аталған бастама жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнама Академия түлектеріне қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Атап айтқанда, оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде олар жергілікті атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында және министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналасу құқығына ие болады.

Бүгінде Академия түлектері мемлекеттік аппараттың түрлі деңгейлерінде еңбек етуде. Олардың қатарында Парламент, Сенат, Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдарда қызмет атқарып жүрген мамандар бар.

Өңірлік деңгейде де Академия түлектері жауапты басшылық лауазымдарды иеленіп отыр. Олардың қатарында Павлодар облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы Марат Жұмабаев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамит Оразбеков бар.

Биыл филиалда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жаңа бағдарламалар іске қосылды. Олардың қатарында «Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру», «Жергілікті бюджетті тиімді басқару», «Экологиялық сауаттылық және тұрақты даму» курстары бар.

Жаңа бағдарламалар мемлекеттік қызметшілерді инвестиция тарту тетіктеріне, бюджеттік жоспарлауға және тұрақты даму қағидаттарын енгізуге үйретуге бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі негізгі сын-қатерлердің бірі – өзгерістерге қарсылық пен ескі тәсілдерден бас тартудың қиындығы.

Әсіресе аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер деңгейінде цифрлық сауаттылықты арттыру және аналитикалық құзыреттерді дамыту мәселесі өзекті болып отыр.

– Біздің басты міндетіміз – облыс орталығы мен шалғай ауылдар арасындағы кәсіби құзыреттер айырмашылығын азайту. Әрбір мемлекеттік қызметші, қай жерде жұмыс істесе де, азаматтарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуі тиіс, – дейді Әсел Ағыбаева.

Мамандардың айтуынша, қазіргі мемлекеттік қызметші тек заңнаманы жетік білетін маман ғана емес, өзгерістерге тез бейімделетін, командамен жұмыс істей алатын, стратегиялық ойлайтын және азаматтармен ашық диалог құра білетін көшбасшы болуы қажет.

Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесіндегі үздіксіз білім алу мен кәсіби дамуға деген сұраныс алдағы жылдары да арта түспек.

Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңірінде мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа өтті. Іріктеудің жаңа тәртібі ағымдағы жылдың бірінші сәуірінен бастап күшіне енді.

Енді мемлекеттік қызметке үміткерлер eQyzmet ақпараттық жүйесі арқылы байқауға қатысады. Кандидаттар платформада өздігінен тіркеліп, бос лауазымдарды қарап, онлайн өтінім береді. Мемлекеттік органдарға байқау жеңімпазы анықталғанға дейін қатысушылар туралы мәліметтер көрінбейді. Бұл тәсіл іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.