Павлодарда жасанды жабыны бар футбол алаңдары орнатылуда
Осылайша облыс орталығында спорт инфрақұрылымы кеңейіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
– Биыл Павлодар қаласында аймақ басшысының қолдауымен 10 футбол алаңын орнату жоспарланған. Оның ішінде Sport City аумағында екі шағын футбол алаңы бой көтереді. Қазіргі таңда 6 учаскеде дайындық жұмыстары аяқталып, ұзақ мерзімге шыдайтын берік, занауи профильді құбырлардан жасалған қоршаулар орнатылды, - деді ол.
Шаһар басшысының айтуынша, барлық алаңдар жасанды жабынмен, жарықтандыру жүйесімен және қорғаныс торларымен жабдықталады. Сонымен қатар, қалада street workout алаңдарын орнату жұмыстары да қатар жүргізілуде.
– Жасанды жабыны бар шағын футбол алаңдары бүгінде балалар мен ересектер арасында ерекше сұранысқа ие. Жаз мезгілінде павлодарлықтар жаңа спорт инфрақұрылымының игілігін толық көріп, заманауи алаңдарда еркін спортпен шұғылдана алуы тиіс, - деді қала әкімі.
Хасар Хабылбеков салалық қызметтерге барлық жұмысты маусым айының соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.