Павлодар облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 20-шы маусымы басталады
Сарбаздарға 65-110 мың теңге аралығында жалақы төленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жиырмасыншы еңбек маусымының ресми ашылуы жаздың алғашқы айына жоспарланған. Жалпы үш бағыттағы жасақтар бар – экологиялық, волонтерлік, құрылыс. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Жасыл ел» Павлодар облыстық штабының директоры Русана Сулаймонова мәлім етті.
– Экологиялық және еріктілер жасақтары өз жұмысын сәуірде бастап кетті. Олар абаттандыру, көгалдандырумен айналысады және жазда да осы жұмыстарды жалғастырады. Құрылыс жасақтарына қаламыздың екі университеттің студенттері тартылады. Аталмыш жасақта жұмыстарды тек ұлдар ғана емес, қыздар да атқарады, – деді спикер.
Оның сөзінше, әр аудан мен қалада аймақтық штабтар құрылып, командир тағайындалады.
– Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқысы келетіндердің басым бөлігі экологиялық жасақтарға барғысы келеді. Мысалы, Павлодарда коммуналдық шаруашылық бойынша 15 жасақ құрылады. Олар жасыл желектердің күтімімен, ағаш кесу және осыған іспеттес жұмыстармен айналысады. Экологиялық жасақтарда жалақы 65-70 мың теңге, ал құрылыс жасақтарында 100-110 мың теңгені құрайды,– деп атап өтті Русана Сулаймонова.
Жас павлодарлықтарға үш бағыттағы жасақтан бөлек медиа жасаққа да баруға болады. Оларды, фото мен видео контент түсіруге, мобилографияға үйретеді.
– Облыс пен қала бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 16 мен 34 жас аралығындағы кемінде 1200 жас адамды қамту жоспарланған. Алайда, жыл сайын біздің бағдарламамыздан шамамен 2100 адам өтіп, жұмысқа орналасады. Яғни біз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1200 адаммен шектелмейміз, – деді спикер.
Бүгінде жұмысқа орналасу жастардан үшін мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өтінімді Лермонтов көшесі, 44 мекенжайындағы «Жасыл ел» штабының офисіне немесе Instagram әлеуметтік желісіндегі jasylel_pvl парақшасындағы активті сілтеме арқылы қалдыруға болады.