Павлодар облысында адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алатындар саны артты
Екпе енді 17 жасқа дейінгі қыздарға салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста АПВ-ға қарсы екпе егу науқаны жалғасып жатыр. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі Дина Шакратова хабарлады.
Маманның сөзінше, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес АПВ-ға қарсы вакциналау ауқымы кеңейтілді. Бұған дейін вакцина тек 11-13 жастағы қыздарға салынса, енді екпе 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жеткіншектерді де қамтиды.
– Вакцинация төрт валентті «Гардасил» екпесімен жүргізіледі. Ол адам папиллома вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Екпе үш кезеңмен салынады: бірінші доза кез келген күні енгізіледі, екінші доза екі айдан кейін, үшінші доза алты айдан соң егіледі, – деді Дина Шакратова.
Адам папиллома вирусы – әлемдегі ең кең таралған вирустардың бірі. Кейбір түрлері жоғары онкогенді болып саналады және жатыр мойны обырына себеп болуы мүмкін
Дина Шакратованың мәліметінше, екпе ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен ерікті түрде жүргізіледі. Егер екінші немесе үшінші доза уақытында салынбаса, екпе курсын қайта бастау қажет емес. Тек жетіспеген доза енгізіледі.
Павлодар облыстық онкологиялық диспансері химиотерапия бөлімінің меңгерушісі Еркін Дүйсенбинов вакцинация қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді тәсілі екенін айтты.
– Әлемнің дамыған елдері бұл екпені 2000 жылдардың басынан бастап енгізген. Соның нәтижесінде Австралия, Италия және Еуропаның бірқатар мемлекетінде жатыр мойны обырына шалдығу деңгейі айтарлықтай азайған, – деді ол.
Дәрігердің сөзінше, вакцина бедеулікке немесе ауыр асқынуларға әкеледі деген пікірлер ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Вакцина халықаралық деңгейде қауіпсіз деп танылған.
Қазіргі таңда Павлодар облысында вакцинациялауға жататын 5 866 қыздың 1 047-сі екпе алған. 2026 жылдың екінші кезеңіне 10 260 доза вакцина сатып алу жоспарланған. Вакцина өңірге тамыз айында жеткізіледі.
Мамандар тұрғындарды әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға сенбеуге және тек ғылыми дәлелденген мәліметтерге сүйенуге шақырды.