Успен ауданында жаңа медициналық пункт ашылды

Успен ауданында жаңа медициналық пункт ашылды
Фото: Константин Шелков

Тимирязев ауылында ем-дом көрсететін жеке медициналық ғимарат ешқашан болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың сөзінше, Тимирязев ауылындағы медициналық пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл салынған 30 нысанның бірі болып табылады. Бұған дейін дәрігерлер науқастарды жергілікті әкімдіктің үйінде қабылдады. Облыс әкімі Асайын Байханов 130 миллион теңгеге салынған жаңа медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысты. 

– Ауылда жеке медициналық нысан болған жоқ. Осыған қарамастан, сіздер шыдамдылық таныттыңыздар. Медициналық пункт игілікке қызмет ететініне сенімдімін, – деді облыс әкімі Асайын Байханов ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп.  

Медициналық пунктте қабылдау, физиотерапия, емшара, орта медициналық персонал кабинеті, дәріхана пункті бар. Оған 228 тұрғын тіркелген. Жергілікті медициналық қызметкерлер ересектер және балаларға амбулаториялық-емханалық, дәрігерге дейінгі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Тимирязев ауылының науқастарын физиотерапия кабинетінде аптасына екі рет қаладан келіп тұратын дәрігер қабылдайды.

Успен ауданының орталық аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Ашжановтың айтуынша, медициналық пункттің қызметкерлері инфузиялық шприц сорғы, ЭКГ аппараты, дефибриллятор сияқты заманауи жабдықтармен жұмыс істей алады.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Ковалевка, Қызылағаш, Қаратай, Қоңырөзек ауылдарында осындай медициналық пункттердің құрылысы аяқталады деп күтілуде.