Павлодарда жаңа жылдық безендіруге жүз миллионнан астам теңге қаражат жұмсалды
Астаналық мердігерлер қаланы безендіру жұмыстарымен айналысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл облыс орталығында мерекелік символ жаңартылды. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева бас шыршаны ауыстыру себебін түсіндірді.
– Бұрынғы шырша 12 жылдай тұрды. Соңғы екі-үш жылда оны орнатуда қиындықтар туындай бастады, яғни шыршаның қызмет ету мерзімі өтіп кетті, – деді Светлана Гладышева.– Жаңа жылдың басты белгісіне – 52 миллион, ал мұз қалашығын құрастыруға 53 миллион теңге қаражат кетті.
Оның сөзінше, жаңа шыршаның бүкіл металл құрылымы, оның орнатылуы, аязға төзімді 534 метрлік неон жолақтар, ойыншықтар, үш мың шамнан тұратын мерекелік гирляндтар, 130 қар түйіршігі 52 миллион теңге сомасына кіреді. Шыршаның жалпы салмағы – 28 мың килограмм.
– Шырша арнайы эскиз бойынша безендіріледі. Біздің дизайнерлер эскизді шығармашылық саламен айналысатын адамдар мен жергілікті тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша безендірді, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары. – Бүкіл жұмыстарды астаналық мердігер «Айбат» ЖШС айналысуда. Ал металл конструкциясы Алматыдан әкелінді.
Мұз қалашығы биылғы ауа райының температуралық режиміне сәйкес құрылатын болады. Өткізілген конкурстық рәсімдер бойынша астаналық фирма «New Level» жеңімпаз атанды.
– Мердігер бүкіл орындалатын жұмыстарға жауапты болады, себебі оның келісімшарттық міндеттемелері бар. Ауа райын ескере отырып, мұз элементтерінен бөлек, пластиктен, ағаштан жасалған материалдар орнатылады. Жылы ауа райында қалашықта серуендеуге мүмкін болатындай жағдай жасаймыз.
Қала ішіндегі жалпы жарықтандыруға 80,5 миллион теңге жұмсалады. Оған облыс орталығындағы бүкіл ескірген бағандардағы шамдар, LED мүсіндер, композицияларды ауыстыру және жаңа жарықтандырылған элементтер кіреді. Мысалға, жаңа жылдық безендіруге жағалаудың Естай көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі бөлігі жаңа жарық құрылымдармен және элементтермен безендіріледі – «Бүркіт», «Шаңырақ», этникалық өрнектер, қолшатырлар, ноталар, шарлар.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жаңа жылдық шыршаны безендіруге байланысты талдау жүргізе бастады.