Павлодарда жеңіл көлік жүргізушісі жарты миллион теңгеден астам айыппұл жинаған
Барлық ескертулер мен айыппұлдарға қарамастан, кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар қаласында «Оракул», «Кибер-Шериф», «ZEREK-2», «Мерген» автоматтандырылған бағдарламалық кешендері жұмыс істейді. Биыл жылдамдық режимін бұзудың 10 383 фактісі тіркелді.
– Көрнекі мысалдардың бірі облыс орталығында орын алды. Полиция қызметкерлері «Toyota Aristo» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің 21 төленбеген айыппұлы бар екені, олардың жалпы сомасы 560 305 теңгені құрайтыны анықталды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Қазіргі уақытта жүргізуші барлық айыппұлды толық көлемде төлеп шықты.
Павлодар облысының полициясы айыппұлды 7 жұмыс күні ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік қарастырылғанын еске салады. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, айыппұлды 30 тәулік ішінде ерікті түрде толық төлеу мүмкіндігі бар. Аталған мерзім өткен соң қаулы жеке сот орындаушыларына жолданып, өндіріп алу мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.
Ведомство жүргізушілерді белгіленген жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауға, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінен, қоғамдық көлік аялдамаларынан өту кезінде, сондай-ақ тұрғын аймақтарда қозғалыс барысында қауіпсіз жылдамдықты таңдауға және айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады.