Павлодарда Жеңіс күніне орай майдангер-суретшілердің көрмесі ашылды

Павлодарда Жеңіс күніне орай майдангер-суретшілердің көрмесі ашылды
Фото: Константин Шелков

Сұрапыл соғыста от пен оқтың арасында жүріп, талай тауқыметті бастан кешірген қылқалам иелері сурет өнерінің сұлулығын кейінгі ұрпаққа жеткізе білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінің қор сақтаушысы Ольга Пашконың айтуынша, көрме тағдыры қала тарихымен және павлодарлық көркемөнер мектебінің қалыптасуымен тығыз байланысты шеберлердің туындыларын біріктірген.

– Біз майдангер-суретшілер Иван Лагутин, Ипполит Виноградов және Михаил Холмогоров туралы айтып отырмыз, – деді ол.

Иван Лагутин өлкетану музейінің директорларының бірі болған және Павлодардағы көркемсурет музейінің негізін қалаушылардың қатарында тұрған. Дәл оның бастамасы мен Қазақ КСР суретшілерінің өтініштері арқасында Қазақстандағы алғашқы облыстық көркемсурет музейін ашу туралы қаулы қабылданған.

– Соғыстан кейін суретші әскери тақырыпқа сирек оралды. Ол үшін туған өлкенің табиғаты, Ертіс өзені мен кең далаға деген махаббаты суретшінің басты тақырыбына айналды. Оның жұмыстары XX ғасырдың алғашқы жартысындағы реалистік мектеп дәстүрінде жарыққа, ауа мен көлемге ерекше назар аудара отырып орындалған, – дейді өнертанушы.

Мәскеуден Павлодарға келген суретші әрі сәулетші Ипполит Виноградовтың тарихы мүсінші Иван Лопатинмен және сәулетші Дмитрий Витухинмен тығыз байланысты.

Дәл осы азаматтардың Кеңес Одағының ірі қалаларында Жеңіс стеласын орнату идеясы Павлодарда жүзеге асқан.

Өнертанушы Михаил Холмогоров туралы ерекше ықыласпен әңгімеледі. Ол Одесса үшін болған ауыр шайқасқа қатысқан. Дәл өзіне сол ұрыстан тірі қалса, міндетті түрде суретші болуға уәде берген. Соғыстан кейін Холмогоров Одессадағы көркемсурет училищесін тәмамдап, Павлодарға оралып, жарық пен терең мағынаға толы пейзаждар салған. 

– Ол үшін соғыс тақырыбында әңгімелеу өте ауыр еді. Сондықтан болар, суретші бұл жайында сөйлеспейтін. Тіпті, ол соғыс туралы фильмдерді де қарамайтын, себебі майданның шынайы қасіретін толық жеткізу мүмкін еместігін түсінетін, – деді Ольга Пашко.

Оның айтуынша, майдангер-суретшілердің шығармашылығының басты құндылығы – қайғы-қасіретті бастан өткерсе де, олардың әсемдікке деген сезімін жоғалтпауында.

– Соғысты көрген, достары мен жолдастарының қаза болғанына куә болған адам өмірдің қадірін ерекше сезіне бастайды. Бұл суретшілер сұлулық, бейбіт өмір, табиғат және әр адамға жақын әрі қымбат дүниелер туралы айтуды қалады. Олар көрерменді өмір сүруге, шығармашылықпен айналысуға және айналасындағы әсемдікті көруге шақырғандай болды, – дейді көрмені ұйымдастырушы. 

Айта кетелік, аталымыш көрме мамыр айының ортасына дейін жұмыс істейді.