Павлодардың Затон шағынауданында ауқымды құрылыс неге мүмкін емес?
Аталған жер телімінің тағдыры тілшілерді қызықтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Журналистер қауымы «Неліктен «Тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы Алюминстрой шағынауданы сияқты Затонда мемлекет есебінен жүзеге асырылмай отыр?» деген сұрақты Павлодар облысының әкіміне қойды.
Асайын Байхановтың айтуынша, Затон шағынауданында ауқымды құрылыс жүргізбеудің екі негізгі себебі бар.
Біріншіден, Затон өте шектеулі аумақта орналасқан. Шағынаудан 1950-1960 жылдары салынған шамамен 20 екі қабатты тұрғын үйден тұрады.
– Сондықтан жеке инвестормен бірлесіп, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу және олардың орнына жаңа үйлер салу жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды. Бүгінде Затонның ең ескі, яғни Генерал Дүйсенов көшесіндегі 304 және 306 ең ескі үйлерден 37 отбасы көшірілді. Құрылыс салушы оларға пәтерлерді жалға алып беріп, жаңа үйлерге қоныстанғанға дейін жалдау ақысын толық өтеп отыр, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысының айтуынша, биылдың соңына дейін шағынаудандағы алғашқы жаңа үйге шамамен 15 отбасыны қоныстандыру жоспарланып отыр.
Екінші себеп ретінде облыс әкімі Затонда инженерлік коммуникациялардың қуаты жеткіліксіз екенін атап өтті. Бұл жағдай 12-15 көпқабатты тұрғын үй салуға мүмкіндік бермейді.
Жалпы, шағынауданда шамамен тоғыз тұрғын үй салу жоспарланған, оның жетеуі – тоғыз қабатты үйлер болады.