Павлодарда Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше форматтағы концерт өтті

Полицейлер автобуста соғыс әндерін шырқап, тұрғындарды таңғалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ән салушы автобус» деп аталған бұл бастаманы Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері ұйымдастырды. 22-ші бағыттағы жолаушылар автобусы бір сәтте соғыс жылдарындағы әндер шырқалған сахнаға айналды.
Погон киген вокалист-полицейлер қоғамдық көлікке кіріп, жолаушыларға тосынсый жасады. «Жеңіс күні», «Катюша», «Смуглянка» және «От героев былых времен» сынды жауынгерлік рухты әндер көпшіліктің көңілін толқытты.
– Мұндай концерттер жастардың бойында патриоттық сезімді оятып, аға буынның ерлігін ұмытпауға, тарихи жадымызды сақтауға көмектеседі. Бұл – жас ұрпаққа соғыс жылдарының рухын сезіндіретін мәдени көпір, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.
Автобус жолаушылары тосын флешмобты телефонға түсіріп, полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді. Қала тұрғындары бір ауыздан бұл бастаманың жүрекке жеткенін айтып, ерекше ықыласпен әнге қосылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram