Павлодарда жетпіске жуық гаджет иесіне қайтарылды
Өңірде ұялы телефонын жоғалтып алғаннан кейін құзырлы орындардан көмек сұрайтын тұрғындардың саны артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда адам өмірінің маңызды бөлшегіне айналып үлгерген смартфондардың да сізді әуреге салатын кезі жоқ емес. Әсіресе, оның аяқ асты жоғалып кетуі көпшілік үшін оқыс оқиғамен тең.
Мәселен, алаңсыз жағалауда спортпен шұғылданып жүрген павлодарлық бойжеткеннің өзінің жанына қойып қойған iPhone Pro маркалы телефонының қолды болуы аруды айтарлықтай тығырыққа тіреген. Айтуынша, оны бір ай бұрын ғана сатып алған. Телефонының жоғалғанына көзі жеткен бойжеткен полициядан көмек сұраған.
Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері облыс аумағында ұялы телефон ұрлаудың 85 дерегі тіркелген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 68 телефон заңды иесіне қайтарылған.
Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындарды телефоныңыз ұрылардың оңай олжасына айналмауы үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Телефонды, ақшаны және өзге де бағалы заттарды сыртқы қалталарда ұстамауға кеңес береді.