Павлодарда жетім балалар үшін спорттық мереке ұйымдастырылды

Балалар туристік эстафеталарға қатысып, орманда кедергілер жолағынан өтіп, мылтық атуда шеберліктерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық «Майдан жолы» іздеу жасағы мен Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы дәстүрге айналған «Табыстың шыңына» турнирін ұйымдастырды. Іс-шараға Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау өңірлік орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Мереке ашық аспан астында өтті.
Іс-шараны «Майдан жолы» іздеу жасағының командирі Александр Шитов ашып, балаларды мерекемен құттықтады.
– Осы күнді жақсы өткізулеріңізді тілеймін, сіздерде жарқын эмоциялар қалсын, – деді ол.
Одан кейін балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жаттықтырушы Ольга Пичугина сөз сөйледі. Ол турнирдің әр кезеңінде қауіпсіздік техникасын сақтау туралы айтып берді.
Турнирге үш команда қатысты. Бастапқыда барлық қатысушыларға нұсқаулық жүргізілді. Ашық далада жылдамдыққа, тапқырлыққа және ептілікке бағытталған туристік эстафеталар өтті. Ауа райы өте ыстық болды. Алдымен балалар орманда кедергілер жолағынан өтуі керек болды. Жарыстар командалық уақыт бойынша өткізілді. Қатысушылар бір-бірін қолдап, жігерлендіріп отырды.
– Әрі қарай әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жаттығуларды «Майдан жолы» жасағы командирінің орынбасары Нүркеш Мақзұмов өткізді. Ол винтовкадан ату кезеңін дайындады. Барлық қатысушылар нысанаға дәл тигізу арқылы өз шеберліктерін сынап көрді. Кейбір қатысушылар үш мүмкіндіктің үшеуінде де дәл тигізіп, өз командаларына қосымша ұпай әкелді, – деді «Майдан жолы» іздеу жасағының баспасөз қызметі.
Барлық сынақтардан кейін турнирдің қорытындылары шығарылды. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен тәтті сыйлықтар, сусындар табысталды. Сондай-ақ жарысты ұйымдастыруға үлес қосқан адамдарға алғыс хаттар тапсырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – балаларды спортқа баулу және оларда салауатты өмір салтын ұстануға деген ынта қалыптастыру. Бүлдіршіндер белсенді әрі ұйымдасқан түрде демалуды үйренді.