Светлана Жақыпова: Павлодар облысында еңбек етуге жағдай жасалған

Светлана Жақыпова: Павлодар облысында еңбек етуге жағдай жасалған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі облысқа жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Светлана Жақыпова Павлодарға жұмыс сапары аясында өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесуде өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кездесу «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өтті. Министр еңбек ұжымдарына зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтып берді.

Іс-шараға өңірлік өнеркәсіп кәсіпорындарының 180 қызметкері, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қатысты. 

Светлана Жақыпова кәсіпорындағы еңбек жағдайының жақсы екенін  атап өтті. 

– Ұйымдарыңызды аралап өткен кезде сіздерде барлығы стандарттарға сай екеніне және барлық жағдайдың жасалғанын өз көзіммен көрдім. Біз әр өңірдегі кәсіпорын, жұмыскер санын біліп отырмыз. Бүгінде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген арнайы 37 мың қазақстандық әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады, – деді министр.    

Оның айтуынша, Павлодар облысындағы ең маңызды сұрақтардың бірі – еңбек күшінің тапшылығы. Бұл сұрақты шешу үшін жаңа кадрларды дайындаудың маңыздылығын атап өтті. 

«Ұрпақтар келісімшартын» қолға алып, жас мамандардың бойына жылдар бойы жинақталған тәжірибені беру керек. Бұл ретте олардың еңбекақысы төленетін болады. Осы жұмысты ұзақ мерзімді перспектива ретінде қарастыру қажет. Тапшылық байқалып жатқан өңірде «Ұрпақтар келісімшартының» іргетасын қалау дұрыс деп санаймын, – деді Светлана Жақыпова.

Бүгінде министрлік зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізуді қарастырып жатыр.  Яғни,  «Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалатын болады. Аталған заң жобасы әзірленіп, келесі жылда күшіне енеді деп жоспарлануда.  

– Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, ксіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және басқалары ұсынылады, – деді Светлана Жақыпова.

Арнайы әлеуметтік төлемдер төрт көзден: республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде жүзеге асырылатын болады.

Министр заңнамаға енгізілген түзетулердің тиісті жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында екенін атап өтті.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі