Павлодарда жылыту маусымы 9 қыркүйекте басталады
Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі тиісті қаулыға қол қойды. Алғашқы болып балабақша, мектеп, медицина мекемелері сияқты әлеуметтік нысандар жылуға қосылады. Ал 16 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторларына жылу беріле бастайды.
– Бірден ескертетін жайт, дәл сол күні тұрғындардың пәтерлеріндегі батареялар бірден қызбайды. Жылу желілерін толық толтыру біршама уақытты алады. Желідегі су айналымы 22 мың тоннаны құрайды. Ал жылу электр орталығындағы желілік сумен толтырудың максималды мүмкіндігі – тәулігіне 800 тонна көлемінде. Осыған байланысты қаланы жылумен қамтуды толық іске қосу және баптау үшін бізге үш-төрт аптаға дейін уақыт қажет, – деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.
Павлодар қаласында жылыту маусымы осылай ерте басталып көрген жоқ. Бұл желілер мен үй коммуникацияларын алдын ала дайындаудың арқасында мүмкін болып отыр. Жылу қосыла бастағаннан-ақ қаланың жедел қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауысады. Бұл жұмыс қала әкімінің жеке бақылауында болады.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов жылуды ерте беруді тапсырған болатын.