Ақсуда ескі теміржол вокзалы заманауи үлгіде жаңарады

Ақсуда ескі теміржол вокзалы заманауи үлгіде жаңарады
Фото: Жансая Малик

Станциялардың басым бөлігі 1980 жылдары салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірден бес автостанция ғимараттарына күрделі жөндеу, модернизация және реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жаңғыртылып жатқан нысандар қатарында Ақсу теміржол вокзалы, Қалқаман, Шідерті, Бозшакөл және Қарасор станциялары бар. 

–  Уақыт өте келе инженерлік желілері ескіріп, ішкі бөлмелері тар әрі қолайсыз болып қалған. Сондықтан жоба аясында ғимараттар заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалады. Қазіргі таңда жобалардың эскиздік нұсқалары «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен келісілген. Құжаттар сараптамадан өтуде, сметалық есептер дайындалып жатыр, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров.

Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсуға барған жұмыс сапары барысында жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, тексерді.

– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарымыз күнделікті пайдаланатын барлық маңызды инфрақұрылымдық нысандарды, әсіресе көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай ету, – деді аймақ басшысы. 

Қанат Қашкировтың айтуынша, жөндеу жұмыстары аясында ғимараттардың қасбеті толық жаңартылады, шатыр, терезе мен есіктер ауыстырылады, инженерлік жүйелер қайта тартылады. Күту залдары кеңейтіліп, ішкі интерьер заманауи үлгіде әрленеді. Еденге керамогранит төселіп, қабырғалар гипсокартонмен қапталады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен арнайы орындар орнатылып, жаңа перрондар құйылады. Вокзалдардың аумағында асфальт және жаяу жүргінші жолдары да толықтай жаңартылады. Барлық станциялар бірыңғай концепцияда, яғни Павлодар қаласының теміржол вокзалы үлгісіндей салынады.

–  Жобаның жалпы құны төрт станция – Қалқаман, Шідерті, Баршакөл, Қарасор – 318 миллион теңге, ал Ақсу вокзалына – 267 миллион теңгені құрайды. Төрт станция бойынша келісімшарт маусым айында жасалған. Ал Ақсу вокзалы шілде айының соңында ғана «ҚТЖ»-ның сенімгерлік басқаруына берілгендіктен, жұмыстары кешірек басталды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының 30-40 пайызы орындалды, – деді Қанат Қашкиров. 

Жоспар бойынша Шідерті, Қалқаман, Бозшакөл және Қарасор вокзалдары биыл қараша айында толық аяқталады. Ал Ақсу вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады. Осы кезеңде тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін ғимараттың бір бөлігі жұмыс істей береді.

–  Жобаның жүзеге асырылуы жолаушылар үшін айтарлықтай қолайлылық туғызбақ. Енді күту залдары жылы әрі кең болып, барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ вокзал маңындағы жолдар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылады, – деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, жаңғыртылған вокзалдарда қосымша қызмет көрсету нүктелерін ашу жоспарда бар. Бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді. Сонымен қатар ауыл мен қала арасындағы көлік қатынасы жақсарып, өңірдің экономикалық байланыстары нығаяды.