Павлодарда жылу маусымына дайындық қарқын алды
Ақаулар жойылып, үйлерге ыстық су беріле бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов қаланы алдағы жылу беру кезеңіне сапалы әрі уақытылы дайындауды қала әкімі Хасар Хабылбековке тапсырды. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жылу желілерін жөндеу және қайта жаңғырту барысын тексерді.
3 тамызда басталған гидравликалық сынақтар кезінде 57 ақау анықталды. Оның 11-і магистральдық желілерге тиесілі. Қазір соның жетеуі ретке келтіріліп, тұрғын үйлерге ыстық су кезең-кезеңімен беріле бастады.
Хасар Хабылбековтің айтуынша, солтүстік желілік ауданда теміржол вокзалы, Химгородок, жағалау және өзге де аумақтардағы баспаналарды ыстық сумен қамту жалғасып жатыр.
– Қазір солтүстік желілік аудан бойынша үйлерді ыстық суға қоса бастадық. Ертең кешке қарай қосу схемасын толық қалыптастырып, баспаналардың шамамен 70 пайызын ыстық сумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Гидравликалық сынақтан кейін ақау анықталған нысандар ғана әзірге қосылмайды, – деді қала әкімі.
Оңтүстік желілік ауданда гидравликалық сынақтар 12 тамызға дейін жалғасады. Тұрғын үйлерге ыстық су беру кестесі жақын күндері әкімдіктің ресми аккаунттарында жарияланады.
– Бізге қойылған негізгі міндет – барлық істі тамыздың соңына дейін аяқтап, аумақтардан абаттандырылған күйде шығу. Жылу беру маусымын қыркүйектің басында бастау жоспарланып отыр, – деді ол.
Қазір орамішілік жылу желілерінің 19,9 шақырымы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын 14 учаскеде қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Ыстық су құбырлары тартылғаннан кейін траншеяларды кері көму және аумақтарды абаттандыру жүзеге асырылады. Қала басшысы мердігерлерге барлық міндетті тамыздың соңына дейін орындап, жұмыс орындарын ретке келтіруді тапсырды.