Павлодарда электросамокаттарға жаңа шектеулер енгізіледі

Павлодарда электросамокаттарға жаңа шектеулер енгізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа ережелер бойынша шеринг қызметін пайдалану үшін жүргізуші куәлігі қажет болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жазғы маусымда электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты полиция тұрғындарға жаңа ережелерді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес электросамокаттар толыққанды көлік құралы мәртебесін алады.

– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттардың тротуарлармен жүруіне толық тыйым салынады. Ерекше жағдай ретінде тек арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер көшелеріндегі ортақ қозғалыс аймақтарында жүруге рұқсат етіледі, – деп хабарлады ведомство.

Жаңа талаптарға сәйкес кәмелетке толмағандарға жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына шығуға тыйым салынады. Ал жолдың оң жақ жиегімен қозғалу үшін жүргізушінің жасы 18-ден асуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныс шлемін киюі міндетті.

Сондай-ақ қараңғы уақытта жүргізушілердің киімінде немесе самокатта жарық шағылыстыратын элементтер болуы керек.

1 шілдеден бастап барлық шерингтік самокаттар бірегей мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жабдықталады. Олар артқы доңғалақтың үстіне және руль бағанасына орнатылады.

Полицияның мәліметінше, жалға беру компаниялары кәмелетке толмағандардың және жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың аккаунттарын автоматты түрде бұғаттауға міндетті болады.

– Егер бала шектеулерді айналып өту үшін ата-анасының аккаунтын пайдаланса, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке ата-аналардың өздері тартылады, – деп ескертті облыстық полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары электросамокат жүргізушілерін жаңа талаптарды сақтауға шақырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін рейдтік іс-шаралар күн сайын жүргізілетінін мәлімдеді.