Павлодарда ЖМ-20А жылу магистралі жаңартылды: 600 көпқабатты үйдің жылу сапасы артады
Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында ұзындығы алты шақырымды құрайтын жаңа ЖМ-20А жылу магистралі құрылысы аяқталуға жақын.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, бұл магистраль – қаланың оңтүстік бөлігін жылумен қамтитын ең ірі нысандардың бірі.
– ЖМ-20А магистралінің ұзындығы – шамамен алты шақырым. Құрылыс құны – 9,8 миллиард теңге. Бұл желі 1972 жылы салынған және өз қызмет ету мерзімінен екі есе артық жұмыс істеген болатын. Жаңа жоба іске қосылған соң 600-ден астам көпқабатты үйдің жылу қысымы тұрақтанады, – деді Ержан Иманзайыпов.
Жаңа құбырлар «құбыр ішіндегі құбыр» технологиясымен орнатылған. Бұл тәсіл жылу жоғалтуды азайтып, гидравликалық қарсылықты төмендетеді және жүйенің сенімділігін арттырады.
Басқарма басшысының айтуынша, жобаны толық іске қосу қараша айында жоспарланып отыр.
Аталған жоба өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды бөлігі саналады.
Жалпы биыл облыс бойынша 31,1 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Павлодар облысындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 79,7 пайыздан 78,2 пайызға дейін төмендеген.