Павлодарда жол апатынан келтірілген шығын трактор иесінен өндірілді

Павлодарда жол апатынан келтірілген шығын трактор иесінен өндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Трактор жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. 

Екі тіркемесі бар «МТЗ-80» тракторының жүргізушісі «Suzuki Grand Vitara» көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан жолаушы ауыр жарақат алып, жеңіл автокөлікке айтарлықтай зақым келді. Сарапшылар көлікті жөндеу мүмкін емес деп танып, оның нарықтық құнын 4,9 миллион теңгеге бағалады, – делінген хабарламада.

Трактор жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылған. Алайда сот трактордың басқа азаматқа тиесілі екенін және жүргізуші техниканы иесінің рұқсатымен ғана пайдаланғанын анықтады. Бұл жағдайда заң бойынша залалды техниканың заңды иесі өтеуі тиіс.

Бірінші сатыдағы сот трактор иесінен материалдық шығынды өндіру туралы шешім шығарған болатын. Жауапкер «соқтығыс басқа адамға тиесілі тіркемемен болды» деп ақталғысы келгенімен, сот бұл уәжді негізсіз деп тапты. Себебі тіркеме трактор басқарып келе жатқан біртұтас автопоезд құрамында болған.

Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырмады. 

Сот қаулысы заңды күшіне енді.