Павлодарда ІІО құрметті ардагерінің жүз жылдығы атап өтілді

Павлодарда ІІО құрметті ардагерінің жүз жылдығы атап өтілді
Фото: ашық дереккөзден

Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналған шара «Достық үйінде» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ІІО құрметті ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушына арналған мерекелік кешке ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Павлодар облыстық полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, Ахмет Тұмарбековтың туыстары қатысты.

Алдымен жиналғандарға ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен шығарылған «Еліне адал азамат»  кітабы таныстырылды. Онда 20 жылдан астам Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, КСРО және ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтың негізгі өмірлік кезеңдері сипатталған.

Мерейтойлық іс-шара ішкі істер органдарының белгілі қайраткерін еске алумен аяқталды.

Ахмет Тұмарбеков 1923 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйегінде әскери қызметке шақырылды. 1943 жылдың ақпан айынан бастап Солтүстік-Батыс, Воронеж және 1-ші Украин майдандарында шайқастарға қатысты.

Курск доғасындағы шайқасқа қатысушы.

Шайқаста жараланып, барлық ауыртпалықтарды батылдықпен өткеріп, қызметке оралды және бейбіт уақытта Отанының игілігі үшін жұмысын жалғастырды.

Энгельс атындағы Ленинград әскери-саяси училищесін сәтті бітіргеннен кейін ішкі істер органдарына қызметке ауыстырылады. 1954 жылдан Семей облысы ІІБ бастығының орынбасары болған. Көп ұзамай облыстық ІІБ бастығы болып тағайындалды.

1960 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары.

1982-84 жылдары – КСРО ІІМ Көліктегі Шығыс ішкі істер басқармасының бастығы.

Ахмет Тұмарбеков 27-ші үкіметтік наградалармен, оның ішінде «І дәрежелі Отан соғысы», Қызыл жұлдыз (екі рет), «Құрмет белгісі» ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Жуков» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Жұбайы Нелли Жанайдарқызымен бірге ұл мен үш қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйген.

Ахмет Тұмарбековтың  бюсті мен мемориалдық тақтасы туған жері Баянауылда және Алматыда орнатылды.

2002 жылы Алматыда жерленген.