Павлодарда қалжыңмен үйді миналап тастаған адам жазаланды
Сотталушы 29 жастағы Беларусь Республикасының Брест қаласының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2022 жылдың қыркүйек айының ортасында ер адам телеграм каналдардың бірінде посттың астына Катаев көшесі, 21 мекенжайына жарылғыш зат қойылғаны туралы дыбыстық жазба қалдырды.
– Алло, Алло мен қалай естіліп тұрмын? Катаев көшесі, 21 үйді жақында жарып тастаймыз,- деп айтылды хабарламада.
Ер адам бұл әрекетті мас күйінде және әзілдесіп жасағаны сотта белгілі болды. Қазіргі уақытта ол жасаған ісіне толық өкінуде.
Сот ҚК 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ер адамға шартты түрде 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаған.
–Ер адамға айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындау мүмкін емес, өйткені ол басқа елдің азаматы және жұмыссыз, – делінді №2 қалалық сотының үкімінде .
Сотта жігіттің алғаш рет қылмыстық құқық бұзғаны, бірінші топтағы мүгедек екендігі және жасаған ісіне шын жүректен өкінгені ескерілді. Сондықтан оған жаза шартты түрде тағайындалды. Сонымен қатар қосымша жаза түрінде ҚР аумағынан шығарылатын болады.
Шетелдікке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы «кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы жазылымға» өзгертіліп, сот залынан босатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік,полиция қызметкерлері аудио хабарламаны әлеуметтік желілерді бақылау барысында көрді. Катаев 21 үйінің тұрғындары эвакуацияланды. Саперлер үйді тексеру барысында жарылғыш құрылғыны тапқан жоқ.
Фото: Константин Шелков