Павлодарда қалған субұрқақтар қашан толық іске қосылады?
Бүгінде шаһарда барлығы 23 субұрқақ болса, соның 8-інде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында абаттандыру жұмыстары аясында субұрқақтарды жөндеу және іске қосу шаралары әлі де жалғасуда.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жаңғырту жұмыстары субұрқақтардың жиектеріндегі тас тақтайшалар, тостағандары мен техникалық жабдықтары ішінара зақымданған нысандарда қолға алынған.
- Жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мердігер компанияларға барлық нысандарды мамыр айының соңына дейін толық аяқтау міндеті қойылып отыр, - деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан субұрқақтың бірі - Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр аумағындағы нысан. Субұрқақ 20 жылдан астам уақыт ішінде күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі таңда мұнда да ескі құрылымдар алынып, қабырғалары тегістеліп, негізі нығайтылған. Бұдан бөлек, Сәтбаев көшесінде, оқушылар сарайы аумағында, «Руслан мен Людмила» субұрқағында, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті маңында, сондай-ақ «Салон красоты» және «Баянмолл» аумағындағы субұрқақтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарда плиталардың, тостағандардың және жабдықтардың ішінара бұзылуы анықталған.
Жөндеу жұмыстарына 20-ға жуық маман жұмылдырылған. Қала басшылығы барлық субұрқақты уақытылы іске қосып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау міндетін қойып отыр.
Еске сала кетейік, жұмыс істеп тұрған 14 субұрқақ сәуір айының ортасынан бастап кезең кезеңімен іске қосылды.