Судан құтқарған: Павлодар облысында полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Ол суға батып бара жатқан ауыл тұрғынын құтқарып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Оның ішінде «Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Елдос Қойкен наградталды.
Еске сала кетейік, биыл сәуір айында Аққулы ауданының полицейлеріне Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар түскен. Шақыруға ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен әріптестерімен барды. Балалар анасының Ертіс өзеніне қарай кеткенін айтқан. Автопатруль дереу сол жаққа қарай бет алып, Елдос Қойкен суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалған.
Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айырықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.
Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.