QR бар өсімдіктер мен дефиле: Павлодарда Балаларды қорғау күні қалай аталып өтті?
Қалалық жағалау түрлі қызыққа толы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мерекені ұйымдастырушылар Балаларды қорғау күніне келген бүлдіршіндердің барлығының қызығушылығын ескеруге тырысты. Интеллектуалды және көңілді ойындар, физикалық және химиялық тәжірибелер жасау алаңдары жұмыс істеді. Бұдан бөлек жеткіншектер суспензия, құмыра, 3D моделі арқылы өз қолымен түрлі бұйымдар жасап, өсімдік отырғызып көрді. Аквагрим суртешілері балалардың беттерін бояса, шаштараздар түрлі шаш үлгісін жасады.
Сонымен қатар «Бақытты шақ» әнінің тұсаукесері өтті. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Алтын балалық шақ» мерекелік фестивалі «Ertis Promenade» сахнасында тойланды. Бұл тосынсыйды павлодарлықтар қуанышты көңіл күймен қарсы алды.
Әннің композиторы – музыка мектебінің ұстазы Максим Хлебов, сөзінің авторы – М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының ұстазы Жақсыбек Шанышқылы.
Әнді «Ertis Promenade» сахнасында М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Тұмар» эстрадалық вокал студиясы және музыка мектебінің балалар хоры орындады.
– Бұл істі үйреніп алғаннан кейін үйге арналған декор мен техникалық бөлшектерді басып шығара аласыз. Технология өте тез дамып келеді, – деді 3D басып шығару бойынша шеберлік сағатын өткізген ақпараттық технологиялар колледжінің ақпараттық пәндер оқытушысы Борис Григорьев.
Балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығының қызметкерлері балаларға ағаштар мен бұталарды, гүлдерді отырғызуды үйретті. Бұрын болмаған жерлерге өсімдіктер егілді.
– Балалар өсімдіктерді өздері отырғызып, үйлеріне алып кетеді, олардың банкасында күтім туралы ақпарат жазылған QR-коды бар, – деді орталық басшысы Жанна Темірова. – Мұндай іс-шара табиғатқа, еңбекке деген сүйіспеншіліктің көрінісі десе болады әрі экологиялық әдеттерді қалыптастырады. Өйткені көптеген балалар өсімдік отырғызуды білмейді, ал мұнда осы дағдыларды меңгереді және ата-аналар да риза.
Мерекеде әжелер, аналар мен балалар қошеметпен көпшіліктің алдына шығып, отбасылық дефиле ұйымдастырды. Көптеген әжелердің жастары 80-нен асып кеткен.
– Біз Баянауылдан келдік: немерем, келінім Әсия мен қайын енем, – деп таныстырды Гаухар Қайрбекова. – Біз бастауыш сынып мұғалімдеріміз. Ұлым ести және сөйлей алмайды, бірақ оның керемет отбасы, екі баласы бар.
Байқауға ұлттық киіммен келген Қайырбековтер отбасы үшін бұл күнделікті тұрмыста киетін киім екенін айтады.
– Біз қазақ халқының барлық салт-дәстүрлерін сақтауға тырысамыз. Ұлттық киіммен жүреміз. Көшеде адамдар қарап жатады. Біз қазақ костюмдерінің сұлулығын көрсеткіміз келеді.
Дефиледен кейін барлық қатысушылар 50 мың теңгеге сыйлық сертификаттарын алды.
Балаларды қорғау күні төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен «Қызыл Жарты Ай» еріктілері қауіпсіздік ережелерін еске салды. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер құрал-жабдықтар көрмесін және асфальтта суреттер байқауын ұйымдастырды. Жеңімпаздарға ойыншықтар мен доптар берілді. Балалар суда және көшелерде өзін қалай дұрыс ұстау керектігі туралы білді, жадынамалар мен тақырыптық бояулар алды. Еріктілер жоғары сынып оқушыларын алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретті.
1 маусымда Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Ойыншықтар» атты тегін спектакль, А. Чехов атындағы облыстық театрда «Кішкентай Баба-яга» спектаклі көрсетілді. Сондай-ақ, бұл күні мұражайлар мен кітапханалар ашық есік күнін жариялады.