Павлодарда қыз ұзатудағы улануға қатысты ашылған қылмыстық іс сотқа дейін жеткен жоқ
Биыл маусым басында Bellagio банкет залында қыз ұзатуға барған 20-дан астам адам өздерін нашар сезінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынды. Тексеру барысында мейрамхананың тиісті рұқсаттарсыз жұмыс істегені анықталды.
Екінші күні сол мекемеде тағы бір мерейтой өтіп, бірнеше қонақ уланды. Жалпы 67 қонаққа медициналық көмек қажет болды.
Сыртқы орта объектілерінен шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде металл ас үй ыдыстарынан сальмонелла табылған. Сондай-ақ пісіруге арналған табақтан алтын түсті стафилококк, жабдықтар мен ыдыс-аяқтардың шайындыларында бактерия ішек тобының таяқшалары анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс ҚР 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде тоқтатылды.
Сонымен қатар, жәбірленушілерге азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылды.