Павлодарда қолды болған гаджеттер иелеріне қайтарылды
Полиция өңір тұрғындарынан күн сайын ұялы телефондарын жоғалтқаны туралы арыз қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс орталығындағы монша кешендерінің бірінде Iphone 14 маркалы телефонын ұрлатып алған қыз хабарласқан.
-Тағы бір жағдайда, сұғанақ қолдар павлодарлықтың Samsung Galaxy маркалы телефонын бутиктердің бірінде ұрлаған. Осындай ұрлық Лермонтов көшесіндегі дүкенде қайталанса, әккі ұрылар Huawei маркалы телефонды ашық тұрған сөмкеден қолды еткен, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша осы қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Полицейлер тұрғындарға қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде өз заттарын бақылауға кеңес береді.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері жедел уәкілдердің күшімен 60 –тан астам гаджет иелеріне қайтарылды.