Павлодарда қоршауды зақымдаған қарағандылық сот алдында жауап берді
Ер адамның үстінен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Баян Батыр көшесінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактісін анықтады.
Жарияланған бейнежазбада ер адамның металл қоршауды зақымдап, оның бір бөлігін жұлып алғаны көрінеді. Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол Қарағанды қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша ер адамға қатысты әкімшілік материал толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешімімен оған 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Тәртіп сақшылары қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық мүлік барлық тұрғындарға ортақ екенін ескертеді. Оларды бүлдіруге жол берілмейді және мұндай әрекеттер заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.