Павлодарда үш автобус бағытының қозғалысы өзгереді

Павлодарда үш автобус бағытының қозғалысы өзгереді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүргізушілер мен жолаушыларға қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Ак. Шөкин көшесінің Ак. Сәтбаев көшесі мен Мәшһүр Жүсіп көшесі аралығындағы бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Шектеу 18 маусым күні сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін енгізіледі.

– Жөндеу жұмыстарына байланысты №21, №22 және №66А автобус бағыттарының қозғалыс сызбаларына уақытша өзгерістер енгізіледі, – деді ведомствода.

№21 және №22 бағытындағы автобустар шығыстан батысқа қарай қозғалған кезде жабылған учаскені Ак. Шөкин, Мәшһүр Жүсіп, М.Горький және Ак. Сәтбаев көшелері арқылы айналып өтеді.

Ал №66А бағыты оңтүстіктен солтүстікке қарай қозғалғанда Ак. Сәтбаев, Ломов, Мәшһүр Жүсіп және Ак. Шөкин көшелері арқылы жүреді. Одан әрі автобус өз бағыты бойынша қозғалысын жалғастырады.