Павлодарда үздік кітапханашылардың портреттері фотокөрмеге қойылды
Олардың көп жылғы еңбектері еленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шаңырақ» орталығында кітапханашылардың кәсіби мереке қарсаңында облыстық форум өтті. Іс-шара 250-ден астам кітапханашы маманы басын қосты. Орталықтың фойесінде «Мен кітапханашымын» фотокөрмесі ұйымдастырылып, осы салада 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген қала мен аудан кітапханашыларының түпнұсқалық портреттері ұсынылды.
Мүбәрак Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында 40 жылдан астам қызмет етіп жүрген Любовь Микушина өз ісіне әлі күнге дейін ғашық.
– Кітапханашы мамандығын таңдағаныма бірде-бір рет өкінген жоқпын. Павлодар облысының кітапханашыларының креативі жоғары, олар әрқашан алдыңғы қатарда жүреді, – деді Любовь Микушина. – Жаз мезгілінде кітапханамыз бос тұрмайды. Ата-аналар саналы болып келеді. Олар балалары компьютер мен телефонда көп уақыт өткізбеуі үшін кітапханаға апарады. Бүгіннің өзінде кітаптарға, кітапханаларға қызығушылық бар.
Форум аясында үздік, тәжірибелі 71 маман Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамтоларымен, «AMANAT» партиясы және кәсіптік одақтар кеңесінің Алғыс хаттарымен мараптталды.
– Кітапхана – мәдениет орталығы, ой мен білімнің қайнар көзі, ақыл-ойдың негізі. Сіздер өз еңбектеріңізбен мәңгілік құндылықтарды, дәстүр мен мұраны сақтап, мәдени және рухани әлеуетті дамытуға ықпал етесіздер. Көптеген жобалар Павлодар жазушыларын және балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған, – деп құттықтады облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова.
Ал жазушы, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай қиындығы мен қызығын арқалап жүрген мамандық иелерінің болашақ саналы ұрпақты тәрбиелеу жолында сіңірген еңбектері ұшан-теңіз екенін айтады.
– Кітапхананың басқа жерден айырмашылығы – ол міндетті түрде таза болады. Оның ішіне ешқашан бұзық, өсек айтайық, я болмаса, басқа бір сөз айтайық дейтін адамдар кірмейді. Кітапханаға ғылымға, білімге келгісі келетін, болашаққа дайындалғысы келетін жас немесе қария келеді, – деді жазушы. – Кітапханашылар – ұлттың болашағын жасайтын жандар. Егер сол кітапқа қызмет етсеңіздер, сіздер ертеңгі күніміздің жарқын болуына қызмет істеп жатырсыздар.
Өңірде 225 көпшілік кітапхана қызмет көрсетеді, оның ішінде 197-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Кітапхана саласының мамандарын даярлау үшін Торайғыров университетінде, Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжінде және Екібастұз инновациялық Еуразия колледжінде кітапхана ісі мамандықтары ашылды. Соңғы үш жылда аталмыш оқу орындарын 100-ге жуық жас маман бітіріп, еліміздің мәдениет саласында қызмет етуде.