Павлодарда Ұлы Отан соғысына арналған көрме ашылады

Көрмеге өңірдің танымал суретшілерінің туындылары, соның ішінде соғыс ардагерлерінің еңбектері де қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
6 мамыр күні сағат 16:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай «Өшпес ерлік» атты көрме өз есігін айқара ашады.
– Облыстық Суретшілер одағы мен Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейі бірлесіп ұйымдастырған «Өшпес ерлік» көрмесі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналады. Көрмеге Александр Бибин, Ғалым Қаржасов, Өсербай Шоранов, Виктор Поликарпов, Ольга Ловина, Алексей Балин, Нұрлан Дәуренбеков, Қарасай Нүркенов, Алтын Кисамиденова, Рыспек Ыстыбаев, Жасыбай Қабылдинов, Татьяна Чевтаева, Тұрар Төлеев және Сейсенғали Тіленбаев сынды өңірдің көрнекті суретшілерінің шығармалары ұсынылады, – деді Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл экспозицияның ерекше бөлігін Ұлы Отан соғысының қиындықтарын өз басынан өткерген павлодарлық суретшілер – Иван Лагутин, Михаил Колмогоров және Ипполит Виноградовтың өшпес туындылары құрайды. Олардың майдан даласы мен тылдағы өмірді бейнелеген картиналары сол дәуірдің рухын терең сезінуге мүмкіндік береді. «Өшпес ерлік» көрмесінің әрбір туындысы – бейбітшілік жолында қасық қаны қалғанша күрескен, ерлік пен қаһармандықтың символына айналған батырларға деген тағзым.