Павлодар химия-механикалық колледжінде оқу кабинеті мен зертхана ашылды

Павлодар химия-механикалық колледжінде оқу кабинеті мен зертхана ашылды
Фото: pexels.com / Chokniti Khongchum

Оларды жабдықтауға «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС қолдау көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәліметінше, бұл – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам, ол студенттердің заманауи жабдықтар арқылы жоғары деңгейде білім алуына мүмкіндік береді.

Іс-шараға облыстық филиалдың атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова, қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Мерғали Жүсіп, сондай-ақ өңір әкімдігінің және білім басқармасының өкілдері қатысты.

Ресми ашылу рәсімінде жаңа оқу кабинетін ашу құқығы «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің бас директоры Джейми Карати мен облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға берілді. Олар өз сөздерінде білім беру мекемелерін дамыту мен өнеркәсіп секторы үшін білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа оқу кабинеті мен зертхана заманауи технологиялармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығының талаптарына сай практикалық дағдыларды меңгеруіне жол ашады.

Бизнес-қоғамдастықтың оқу орындарын дамытуға қолдау көрсетуі болашақ мамандарды даярлауда шешуші рөл атқарады. Оқу кабинеті мен зертхананың ашылуы білім беру бағдарламалары мен өндірістік процестерді біріктіруге жасалған тағы бір қадам болды. Бұл студенттердің тек теориялық білім алып қана қоймай, құнды тәжірибелік машықтарды игеруіне мүмкіндік береді.

Бұл оқиға – өндіріс орындары мен білім беру мекемелерінің табысты ынтымақтастығының жарқын дәлелі. Оның басты мақсаты – мамандар даярлау сапасын арттыру және өңірдің кадрлық әлеуетін дамыту.