Павлодарда әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетіледі

Павлодарда әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқушыларға материалдық көмек жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры қаражаты есебінен көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026-2027 оқу жылы қарсаңында Павлодар қаласында мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау жұмыстары жалғасуда. Негізгі мақсат – әрбір оқушының жаңа оқу жылына толық әрі уақытылы дайындалуына жағдай жасау.

Павлодар қаласы білім бөлімінің мәліметінше, көмек жалпы білім беретін мектептердің жекелеген санаттағы білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне тегін және жеңілдетілген тамақтандыруды ұсыну жөніндегі мемлекеттік қызмет аясында беріледі.

Мемлекеттік қызметті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың балалары, отбасында тәрбиеленіп жатқан жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар құқылы.

– Мемлекеттік қызметті алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер баласы білім алатын мектепке өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты және отбасының мәртебесін растайтын құжаттарды, оның ішінде отбасының табысы туралы мәліметтерді ұсынуы қажет, – деді білім бөлімінде.

Сонымен қатар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылар үшін рәсім жеңілдетілді. Бұл санаттағы отбасылардан табысын растайтын құжаттарды мектептердің талап етуі қажет емес. Аталған мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорында (ҰББДҚ) автоматты түрде көрсетіледі. Бұл ата-аналар ұсынатын құжаттар санын азайтып, мемлекеттік қызметті алу рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

– Сонымен бірге,  қалада дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін мектеп жасындағы балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсету, әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын алу және білім алуға тең мүмкіндік жасау, – деді білім бөлімінде. 

«Мектепке жол» акциясы аясында меценаттардың, кәсіпкерлердің, ұйымдардың және қайырымды азаматтардың қолдауымен балаларға мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары, мектеп сөмкелері және басқа да оқу құралдары беріледі.

Павлодар қаласының білім бөлімі ата-аналарды материалдық көмек алу мәселелері бойынша баласы оқитын мектеп әкімшілігіне немесе 30-14-91 телефоны арқылы хабарласуға шақырады.