Павлодарда Әлкей Марғұланның бюсті орнатылады
Ескерткіш археологиялық зерттеулер институтында барлық жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев бастаған басқарма өкілдері археологиялық зерттеулер институтына барып, тарихи ғимараттағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
– Аталмыш нысанды ғылыми-реставрациялау жұмыстары жеті ай бұрын басталған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыруға университет бюджеттен тыс қаражаттан 139 миллион 299 мың теңге бөлінді. Реставрация жұмысын «Тұран» тарихи-мәдени зерттеулер орталығы» ЖШС жүргізеді, – дейді университетте.
Бүгінгі таңда қасбетті қалпына келтіру, жаңа терезелерді орнату, электр қуатын жүргізу жұмыстары аяқталған. Енді үй-жайлардың ішкі безендірілуі жалғасуда. Сондай-ақ, жылу жүйесі де пайдалануға берілді, ал шатырының бұрынғы тарихи нұсқасын сақтай отырып, қайта қалпына келтірілді, еден арқалықтары нығайтылды, ал жертөле мен бірінші қабат арасында жаңа баспалдақ салынды. Сондай-ақ Қазақстанның археологиялық мектебінің негізін қалаушы, академик Әлкей Марғұланның бюсті орнатылады.
Еске сала кетейік, былтыр Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде академикке қоладан құйылған ескерткіш-бюст ашылған болатын. Мүсіннің авторы – Қазақстан көркемөнер академиясының академигі, Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Мансуров. Биіктігі 3,5 метрді құрайды.